Жазушының кітаптары

Сапарғали Бегалин (1895-1983) – қазақ әдебиетінің қазынасына өзінің ұлан-ғайыр үлесін қосқан, ұзақ шығармашылық ғұмырында салмақты көркем дүниелер тудырған шығармашыл тұлға.

Қазақ балалар әдебиетінің классигі Сапарғали Бегалин өз шығармаларының кейіпкерлерін асқан шеберлікпен, ерекше сүйіспеншілікпен суреттейді. Олар қайратты, ақылды, көңілді және айтарлықтай тапқыр балалар – жүйрік шабармандар, құралайды көзге ататын мергендер, желмен жарысар шаңғыгерлер, туған өлкенің жанашыр қожалары және де қарапайым жақсы жандар. Жазушы қаламынан балаларға арналған: «Бала мерген», «Алданған жолбарыс», «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Есеннің кірпісі», «Керкиік», «Әлмен құсбегі» және көптеген туындылар шыққан.

С.Бегалиннің қазақ халқының ұлы дарынды ұлдарының бірі Шоқан Уәлиханов жайлы жазған повесі жарқын талантымен, алғырлығымен қараңғы түнекті жарып өтуге ұмтылған адамның өмірін, балалық, жастық шағын нанымды әңгімелейді. Балалар әдебиетінде аталған повестің «Бала Шоқан» тарауы ерекше орын алады. Жазушы Семейдегі «Приходская школасында» оқып жүрген кезінде Шоқанның аса талантты ғалым болғанын, жиһанкез екендігі туралы кейбір кітаптардан оқып-біле жүріп, көңіліне түйеді. Осыдан барып жазушының көңіліне ұлы дарын туралы, оның балалық шағы туралы жазу ойы ұялайды. Көп ізденістен, Шоқанның туған-туыстарының естеліктері, мұрағат құжаттарының сұрыпталуынан «Бала Шоқан» повесі дүниеге келді.

Жазушының «Сәтжан» повесінде жас азаматтың бойындағы еңбекке, өнерге деген құштарлық, бала жүрегіндегі тәтті арман, мөлдір сезім шебер суреттеледі. Қазақ балалар әдебиетінің елеулі табысы болған бұл повесть орыс тілінде Мәскеу, Санкт-Петербургте бірнеше рет көп тиражбен басылып шықты, басқа тілдерге аударылып, шетелдерде де жарық көрді.

«Көксегеннің көргендері» повесінде Алтай өңірінің сұлу табиғаты, өзгеше, дара сипаты шебер бейнеленген. Шығармада: «Жаратылыс ғажап, бір аңның қасиеті мүйізінде, мысалы, бұғының мүйізіндегі қан сал ауруға дәрі. Ал аюдың өті сандаған жараға ем. Міне ғажаптар» деп табиғаттың сан қырлы құпиясын ашып, өзі білетін аңдардың қасиетін саралай білетін Көксегеннің табиғатқа, жан-жануарға деген ерекше ықыласын көреміз. Жаны нәзік, көңілі таза жас бала туған даласын жан-тәнімен қалай сүйсе, оның сырын да жақсы біледі.